«Тәуелсіздік бәрінен қымбат»

 Ағымдағы жылдың 28 қаңтар күні, педагогика факультетінің ұйымдастыруымен студенттерге Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласын талдау мақсатында онлайн дәріс өткізілді. Шараны педагогика факультеті деканының орынбасары Тапаева Жанерке Таулбаевна жүргізіп, «Рухани Жаңғыру» институтының директоры Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы кіріспе сөз айтып, жастарды жалынды сөздерімен қанаттандырды. ҚР тарихы кафедрасының аға оқытушысы, магистр Жалекенова Гүлбарам Тілекқабылқызы, оқытушы, магистр Гарифуллина Амина Байгалиевна тақырып бойынша дәріс оқып, баяндама жасады.   Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан Қазақстан үшін бұл он екі ай толымды істерге толы болуы тиіс. Президент мақаласының алғашқы бөлімі «Бағдар мен белес» деп аталып, онда осы күнге дейін елімізде атқарылған дүние сараланады. Алғашқы онжылдықта Қазақстан іргетасын қаласа, екіншісінде керегесін кеңейтіп, тарихын түгендеуге, шекарасын шегендеп, инфрақұрылымдық жобаларға баса мән берді. Үшінші онжылдықта еліміз индустриялық-инновациялық даму жолын таңдады. Ал алдағы төртінші онжылдықтағы міндет – қуатты елдің иесі және кемел қалық болу, - дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.   «Таным мен тағылым» деп аталатын екінші бөлімде тарихты түгендеп, келер ұрпаққа қалдырар «Мәдени мұраға» басымдық берілген. Президент азаттықтың ақ таңы оңай келмегенін айта келе, осы құндылықты бағалай білу үшін құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырды. «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи туындылармен шектелмей, ауқымды фильмдерге арқау болатын шежіреміздегі маңызды белестер мен оқиғаларға мән беру керек, - дейді Мемлекет басшысы.  Жалпы, жаңа Қазақстанның тарихы әлі толық жазылмаған. Сондықтан Президент ұлттық мүддемізге сай академиялық үлгідегі көп томдықты жарыққа шығаруды тапсырды. Шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынды. Мұның стратегиялық мәні зор. Жерімізге көз алартып, аумақтық тұтастығымызға күмәнданатындар әлі де бар. Соңғы кездері азаматтарды аса толғандырған жер мәселесіне қатысты Президент «Қоғам мен құндылық» бөлімінде жауап беріп, , бабалар қанымен, Алаштың жанымен осы күнге дейін сақталып келген қазақтың жеріне нұқсан келмейтініне Президенттің өзі кепіл болып отыр. Президент барды бағалауға  шақырды. Жер қадірін жалаң ұранмен өлшемей, Көкжайлауға от жақпай, Көбейтұзды лайламай, әр тоқымдай жерді көздің қарашығындай сақтауға үндеді. Қоғамда үнемі қызу талқыланатын тағы бір тақырып – қазақ тілінің мәртебесі. Бұған қатысты да Президенттің пайымы мығым. Ал мақаланың соңғы төртінші бөлімі «Ұлағат пен ұстаным» деп аталып, азаматтық қоғамды дамыту мен саяси реформаларды жалғастыруға арналады. Білім мен біліктің дәуірі – ХХІ ғасырда қазақ халқы да технологиядан қалыспай, әр адам өзін жетілдіріп, жаңа кәсіпті игеріп, ел дамуының басты қозғаушы күші болуы тиіс. Ал ондай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті. Тәуелсіздіктің құрдастары орда бұзар отыз жасқа келіп отыр. Сондықтан Президент талантты, талапты буынға сенім артып отыр. Ал басты ұран «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген ұғым болмақ.