26 қыркүйек Педагогика факультеті «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» педагогикасы білім беру бағдарламасының МДОТ—41, МДОТ-31 студенттерінің қатысуымен «Орал қалалық кітапханалар жүйесі» КММ-нің №4 филиалында ұлттық дәстүрімізге сай қазақ қызының бойындағы әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, сұлулық қасиеттерін таныту мақсатында "Шаштың сәні - шашбаулым" шеберлік сағаты өткізілді.
Шара барысында "Шашбаулым" шаш үлгілері бөлімінде бұрымды қыздар ортаға шығып өру жолдарын көрсетсе, "Ақылды қыз білімге жүгірер... " бөлімінде қыз баласы туралы мақал-мәтелдермен жарысты. "Білгенге маржан" бөлімінде "Еркеназ" сұлулық салонының шаштаразы Мукашева Альбина ханым шаш күтімі туралы, "Артық болмас білгенің" бөлімінде оқырмандар Матаева Зоя апай шаштың қасиеті туралы ырым-тыйымдары жайында, Жангожиева Гүлдана ханым өз қолынан шыққан бұйымдарымен таныстырып, шашбаудың пайдасы туралы ақыл - кеңестерін берді.
Жалпы бұрым әйел заты сұлулығының бет-пердесі саналғандықтан іштегі жан жалғыздығынан азап тартқан қыздың бейнесін суреттеген Г. Шойбекованың "Бұрым" әңгімесі мен шаштың киесі туралы Ш. Мұртазаның "Ай мен Айша" романынан адам өмірінде шаштың маңыздылығы туралы үзінділермен танысып, өз ойларымен бөлісті. Соңынан "Қазақ қызы" әні шырқалды.