«Балалар әдебиетінің бәйтерегі»

 Наурыз айының 1-і күні «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында М.Өтемісов атындағы БҚУ педагогика факультетінің педагогика, мәдениет және өнер оқу залында қазақ балалар әдебиетінің классигі, жазушы Б. Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай, «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты әдеби-танымдық кеші өткізілді. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ, жастарға рухани адамгершілік және патриоттық  тәрбие беруге бағытталған.

Танымдық кештің шымылдығы кітапханашы Гүлшира Шәденқызының алғыс сөзімен, жазушының шығармашылығына арналған кітап көрмесін таныстыруымен басталды. Кеш барысында жазушының шығармашылығына арналған бейнежазба, архив қорындағы  Б.Соқпақбаевтың өз аузынан айтқан шығармалары туралы аудиоматериал  тыңдалды  және  қызы Самал Бердібекқызы Соқпақбаеваның әкесі жайлы естелік видео көрсетілді. МБОПжӘ БББ магистранттары: Муханбетжанова Ж., Мухашева А., Зайдағалиева Н., Амантай Ф., Сыдыкова Н., Мустафиева Н., Айткулова З., Ихсанова А.  «Балалық шаққа саяхат» кітабынан үзінді монологтар  оқып, тыңдармандарды ерекше сезімге бөледі. Тыңдарман қауым қазақ балалар әдебиетінің атасы Б.Соқпақбаевтың туындыларын кеңінен талдап, алған әсерлерімен, ойларымен бөлісті.

Кеш соңында педагогика ғылымдарының кандидаты Іңкәр Өтебайқызы «Артында өшпес мұралар қалдырған аса биік дарын, қазақ балалар әдебиетінің классигі Б.Соқпақбаев көзі тірісіндегідей ұстаздығынан жазбай, рухани тірлігін жалғастыра беретіні хақ. Сондықтан оның шығармаларын іздеп оқитындар қатары алдағы күндері де көбейе түсетіні күмәнсіз. Баршаңызды рухани азығымыз – көркем әдебиетті көп оқуға шақырамын» деп қорытындылады. Кеш өз мәресіне жетті.