Ағымдағы жылдың қазан айының төртінші жұлдызында Ұстаздардың төл мерекесіне орай М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Педагогика факультетінде “Ұстаз - ұлы тұлға” атты іс-шара өткізілген болатын. Өткізілген шараның ұйымдастырушылары “Педагогика және психология” білім беру бағдарламасының 4 курс ПиП - 41 топ студенттері және топ кураторы, аға оқытушы, магистр Исмагулова Жанар Сансызбайқызы болды. Қонақ ретінде осы білім беру бағдарламасының ардақты ұстаздары шақырылды.
Шара сәлемдесумен басталып, шара барысында оқытушылардың осы еңбек жолына қалай келгендері, еңбектері, қызықты сәттерімен бөлісуіне бағытталған сұрақтар қойылды. Содан соң оқытушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында студенттер алдын ала дайындаған жоспарларына сәйкес әртүрлі көңілді тренингтік ойындар өткізді. Осы өткізілген тренингтердің ерекшелігі оған оқытушылар ғана емес, студенттер де қатысты. Мұндағы мақсат - оқытушылар мен студенттердің арасындағы қарым - қатынасты одан әрі нығайту.
Шара соңына таман оқытушылар өткізілген шарадан алған әсерлерімен бөлісіп, студенттерге алғыстарын білдірді. Сонымен қатар топ студенттері де білім нәрімен сусындатып жүрген оқытушыларына жылы лебіздерін айтып өтті.
Мұндай іс-шаралар ұстаздарға мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, білім алушылар мен ұстаздардың арасындағы байланысты нығайтты.