05.11.2024 жылы «Педагогика және психология», «Әлеуметтік педагогика» білім беру бағдарламасының 2-4 курс студенттерімен «Студенттер ортасындағы кибербуллингті алдын-алудың шаралары» атты әдістемелік семинар оздырылды. Шара барысында педагогика және психология білім беру бағдарламасы жетекшісі Э.К. Абдираимова, п.ғ.к., аға оқытушы А.Г. Муханбетчина студенттер арасындағы өзекті мәселелерді талдап, ақпараттық кеңістікте студенттердің киберқауіпсіздік сақтаудағы негізгі ұстанымдарын талдады. ЖШС «IT Group Kazakhstan» филиалының директоры А.Б.Сабурова «Көмек стоп буллинг» жобасының мобильді қосымшаларымен, әлеуметтік желілердегі аккаунтармен, QR-кодтармен таныстырды. Мобильді қосымша жедел түрде буллинг, кибербуллинг туралы дабыл беруге, психологиялық қолдау алуға және сарапшылармен кеңесуге мүмкіндік беретінін және жобаның өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті. Педагогика және психология БББ аға оқытушысы Н.Е.Муканова «Студенттер ортасындағы кибербуллинг» тақырыбында студенттерге кибербуллингтің теориялық негіздерін, оның негізгі жіктелуін, кибербуллингтің біздің айналамызға тигізер зиянды әсерін атап өтті. Кибербуллингті зерттеген отандық және шет елдік ғалымдардың еңбектерімен таныстырып, еліміздегі заң бұзу, кибербуллинг туралы статистикалық тіркелген фактілерін көрсетті.
Педагогика және психология БББ 2-курс магистранттары Д.А. Қазиханова мен А.Ж.Мырзағали «Кибербуллингтің алдын-алу мақсатында студенттердің цифрлық құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыбында кибербуллингтің мәні және оның әсерін, цифрлық құзыреттіліктің кибербуллингке қарсы тұрудағы рөлін, алдын-алу шаралары жайлы мәлімет берді. Сонымен қатар педагогика және психология БББ 2-курс магистранты А.Б. Олжағали «Студенттер арасындағы кибербуллингті түзету дамыту шаралары» тақырыбымен студенттер арасындағы кибербуллингті түзету-дамыту шараларында қарым-қатынасты жақсарту үшін ашық диалог өткізіп, топтық жұмыстар жүргізу арқылы психологиялық қолдаудың маңыздылығын атап, технологиялық шешімдер қабылдау керектігін баяндады. Магистрант Г.Б.Салихат «Әлеуметтік желідегі қауіпті сигналдарды тану» атты ПиП-41, СП-41 топ студенттеріне жағдаяттық сұрақтар тізімін берді. Студенттер жағдаяттарды шешу барысында берілген мәліметтерге сүйене отырып, сонымен қатар, өмірлік жағдайда кездескен мәселелерімен де бөлісіп отырды. Семинар соңында «Ашық микрофон» рефлексиялық әдісі ұйымдастырылды. ПиП – 41 топ студенті М.Жанузакова бүгінгі ғылыми-әдістемелік семинардың танымды түрде өткенін, қызықты мәліметтер алып, алдағы уақытта осы білімдерін пайдаланатынын айтып, ұйыдастырушыларға алғысын білдірді.