«Дала қоңырауы» атты әдеби кеш

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми кітапханасы мен мектепке дейінгі және бастауышта білім беру кафедрасының оқытушысы Г.Е. Тлепбергенованың ПиМНО-11, у/13 топтарына өткізілген «Дала қоңырауы» атты тақырыбындағы әдеби кеш

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында танымал қазақстандық автор поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы  30 үздік шығармасы жалпыхалықтық оқуға іріктелді. Акция аясында қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар...» шығармасын оқу таңдап алынды. Сонымен бірге Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми кітапханасы мен мектепке дейінгі және бастауышта білім беру кафедрасының ұйымдастыруымен «Дала қоңырауы» атты ағартушы өмірі мен рухани мұрасына арналған әдеби кеш өтті. Шараға оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Кеш Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаяннан бастау алды. Аға оқытушы, магистр Жанаргүл Жұмабайқызы, оқытушы, магистр Гаухар Елемесқызы Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығына тоқталып өтті. Әрмен қарай «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 1 курс студенттері Ғазез Нұрай, Бейісова Мөлдір, Туякбаева Ділназ, Нуржанова Ақжан, Серікбай Айнұр, Биғалиева Альбина, Аманжолова Зарина, Төлегенова Дана, Тағай Сымбат Ы.Алтынсариннің өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. «Дәстүрлі өнер және халық аспаптары» мамандығының 1 курс студенттері Базарбаева Ақниет, Курманкулова Салтанат «Балбырауын» күйін орындады. Шарада «Дала қоңырауы» атты кітап көрмесінде Ыбырай Алтынсариннің еңбектері, ол туралы жазған белгілі ақын-жазушылардың кітаптары мен мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар тізбегі орын алды. Кеш соңында оқырмандарды қамту бөлімінің меңгерушісі Айна Оқасқызы белсенділік танытқан студенттерге өз ризашылығын білдірді. Шараның басты мақсаты, Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығына деген қызығушылықты ояту, ұлттық мақтаныш сезімін, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру. Ыбырай Алтынсариннің бар өмірін ағартушылық арнасына бағыттады. Өз заманындағы жастар мен болашақ жас ұрпақтың білімі мен біліктілігі үшін ізденді, ізгі мұра қалдырды.