Әдістемелік айлық аясында аға оқытушы, магистр В.Т. Арыстангалиеваның "Дефектология және логопедия негіздері" пәнінен өткізген ашық сабақ

10 қараша күні "Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі" білім беру бағдарламасы бойынша оқитын Пимно-45, Пимно/у-33 топтарына "Дефектология және логопедия негіздері" пәнінен "Күрделі кемістігі бар балалардың психологиялық-педагогикалық сипаттамасы" тақырыбында ашық семинар сабақ ұйымдастырылды.

Сабақтың басы ұйымдастыру кезеңінде студенттердің сабаққа ынтасын ояту, жағымды көңіл күй тудыру мақсатында  «Амандасу» тренингі өткізілді.    Студенттер берілген смайлик-суреттер арқылы бір бірімен амандасып шығу керек.

 Әрі қарай "Пазл" әдісі өткізілді. Студенттерге дефектологияның негізгі ұғымдарын бейнелейтін суреттердің бөліктері берілді, берілген пазлдарды біріктіріп студенттер топтарға  бөлінді. 

Одан әрі "Топтық тергеу" әдісі ұйымдастырылды.  Оған сәйкес әр топқа тапсырма келесідей тапсырмалар берілді:

1-топ. Баяндаушылар. Семинар тапсырмасын оқып,  мазмұнын өз ойларын қосып баяндады.

2-топ. Сұрақ құрастырушылар. Семинар мазмұны бойынша Блум таксономиясына сәйкес жоғары деңгейлі сұрақтар дайындады.  Сұрақтарды басқа топтарға қойып, нақты жауаптар алды.

3-топ. Сілтеме табушылар. Студенттерге тақырыпқа сай берілген мәтін мазмұнына сәйкес  мақал-мәтелдер, афоризмдер, қанатты сөздер тауып, сәйкестігін дәлелдеді.

Одан әрі студенттердің тақырып бойынша білімдерін тексеру мақсатында  «Тик-ток» әдісі өткізілді. Студенттер тақтаға шығып, тақтада ілулі тұрған тик-ток комментарийінде  берілген сұрақтарға жауап береді, одан әрі тик-токтың бір қимылын көрсету керек.  Содан соң ұшақ арқылы кімге жолдайтынын жазады. Бұл әдіс студенттердің арасында үлкен қызығушылық туғызып,   белсенділіктерін одан әрі арттыра түсті. Қойылған сұрақтарға толық жауап алынды.

Студенттердің тақырып бойынша алған  білімдерін бағалау мақсатында "Топтық бағалау" әдісі қолданылды.  Онда студенттер топтың ұйымдастырылуы, мазмұны, топ мүшелерінің белсенділігі, креативтілігі бойынша әр топ өздеріне баға берді.

Сабақты қорытындылау кезінде кері байланыс  мақсатында  студенттерге және қатысушы оқытушыларға "Айфон әдісі" бойынша  рефлексия өткізілді.