2024 жылдың наурыз айының 27-ші жұлдызында педагогикалық факультетінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу шаралары аясында “Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы” атты “Қазақы ІQ” интеллектуалды ойыны оздырылды. Шараны “Қазағымның дәстүрлері-ай” атты әсем әнімен Ақнұр студентіміз әдемі ашып берді. Ойынға мектепке дейінгі және бастауышта оқыту педагогикасы білім беру бағдарламасының атынан “Қазақ қыздары” тобы, Бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру мұғалімдерін дайындау білім беру бағдарламасы атынан “Спортшылар” тобы және Педагогика және психология білім беру бағдарламасы атынан “ Жансерік” тобы студенттері қатысып бақ сынасты. Ойын 5 кезеңнен тұрды. Біріншісі таныстыру, әр топ өз мамандығын, топтың атын таныстыруы керек. Екінші кезең өрнектеу деп аталды, яғни 5 түрлі оюды фетр қағазына ойып көрсету және мағынасын түсіндіру. Келесі кезең Сиқырлы киіз үй деп аталды, мұнда қазақтың салт-дәстүрі, кәде-жоралғыларын табу, мақал-мәтелдер ребус түрінде шешу, сөз тіркестерінің мағынасын ашу. Төртінші кезең сен білесің бе деп аталды, бұл кезеңде қазақтың ұмытылып бара жатқан тағам түрлерін көрсетіп, дайындалу жолын түсіндіру болатын. Соңғы кезеңде топтарға берілген салт-дәстүр түрін бейнелеп, көрініс түрінде көрсету берілді. Ойын соңында әділ-қазылар әділ бағаларын беріп, ұпай саны бойынша орын алған топтарды дипломдармен марапаттады. 1-ші орынды мектепке дейінгі және бастауышта оқыту педагогикасы білім беру бағдарламасының “Қазақ қыздары” тобы алды. 2-ші орынды Педагогика және психология білім беру бағдарламасы “ Жансерік” тобы алса, 3-ші орынды Бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру мұғалімдерін дайындау білім беру бағдарламасы “Спортшылар” тобы иеленді.