«Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып»

2024 жылдың 4 қазан күні мектепке дейінгі және бастауышта оқыту педагогикасы БББ оқытушылары А.П.Рамазанова, Г.Е.Тлепбергенова, Т.Т.Мақсотова  білім беру саласының ардагері, университетіміздің бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі БББ 1965 жылғы тұңғыш түлегі, ұзақ жылғы жемісті еңбектерімен жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде біраз  жетістіктерге жеткен аяулы ардагер ұстазымыз Сапарова Лаура Сапарқызымен «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты кездесу кешін ұйымдастырды. Кездесу кешінің мақсаты бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығының түлегі ретінде жеткен жетістіктерін, білім берген  ұстаздарын, сол кездегі студенттік шақтың қиындығы мен қызықтары жайлы студенттерімізбен сұхбаттасып ой бөлістіру және болашақта  білімді, білікті маман болуға жол сілтеу, бүгінгі студенттік өмірдің тыныс-тіршілігі туралы ортаға салып, ардагер ұстазымызбен қауыштыру.     

Мерекелік кездесу кешіміздің шымылдырығын педагогика факультетінің деканы Г.А.Ергалиева ашты. Ұстаз бен студенттердің жүрекпен тілдескен диалогы бірде сұрау, бірде ой, бірде кемеңгерлік сөзбен өрбіп отырды. Кешке, Лаура апамыз әдемі, әсерлі әңгімелерімен қатар сол кезеңнің естеліктері ретінде жинаған фотосуреттерін де ала келген. Алғаш ұстаз болып кіргендегі алғашқы сыныбы, алғашқы оқушылары жөнінде мол тебіреніспен айтып берді. “Ұстаз жолы – ұлы жол” деп ұстаздық мамандықты таңдағанына еш өкінбейтінін, қайта осындай өзі білім алған оқу орны түлек деп, ұстаз деп құрметтеп шақырғанына сондай бақытқа бөленгенін айта кеп, студенттерімізге, яғни болашақ ұстаздарға өз маманының шыңына жетіп, шынайы, кең жүректі, кәсіби білікті маман болуға шын жүректен тілек білдірді. Сонымен қатар кездесу барысында ән, би және жырдан шашу шашылып, болашақ мұғалімдерімізге  ұрпақ тәрбиелеу жолында адал қызмет етіп, білімді шәкірттеріңіз көп болсын деп ардагер ұстазымыз студенттерге жылы лебізін білдірді. Кездесу соңында мектепке дейінгі және бастауышта оқыту педагогикасы БББ жетекшісі Д.Г.Хабиева ардагер ұстазымызға рахметін айтып, мерекемен құттықтады.