BATYS-fest: ұлттық құндылықтар фестивалі

24.02.25 күні 14:30-да М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Педагогика факультетінде Мектепке дейінгі және бастауышта оқыту педагогикасы білім беру бағдарламасының 1-3 курс студенттері арасында BATYS-fest:ұлттық құндылықтар фестивалі өткізілді. Ұлттық тарих пен ұлттық кодты тану алдымен ел мен жердің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, халқын танудан басталады.

 BATYS-fest:ұлттық құндылықтар фестивалінің мақсаты Батыс Қазақстан облысын терең тану, тарихы мен салт-дәстүрімен таныс болу болды. Қатысушы топтар Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал, мұнайлы Атырау, Ақтөбе және қарт Каспийдің мекені Ақтау қаласы болып бөлініп, сол қаланың ерекшелігіне тоқталып, фестиваль турлары бойынша өз өнерлерін көрсетті. Фестивальге тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры Ешимова Ж.Е., тәрбие жұмысы және жастар саясаты департамент менеджері Ахонова А.С., тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің психолог маманы Курмангалиева Н.Х., педагогика факультетінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Муканова А.Д. әділ төрелік етіп, қатысушыларға баға берді. 

1-турда студенттер Батыс Қазақстан аймақтарына бөлініп, Орал, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінің ұлттық мәдениетін таныстырды. Әр аймақтың ұлттық киім үлгілері, тағамдары, тарихи тұлғалары, дәстүрлері бойынша көрме ұйымдастырылды. Қатысушылар өз аймағының ерекшеліктерін қысқаша таныстыру арқылы көрсетті. “Ең үздік дастархан” деп аталатын екінші турда әр аймақ өзіне тән ұлттық тағам дайындайды (мысалы, Атырау – балық тағамдары, Орал – ет асу, Ақтөбе – жент, Маңғыстау – қымыз, шұбат). Студенттер дастарханды көрсетіп, ұлттық тағамның маңыздылығы мен тарихын түсіндіреді, әділқазыларға ұсынып, таныстырады. “Ең үздік көрініс” деп аталатын үшінші турда әр аймақтың музыка, жыр, айтыс, би, салт-дәстүрін насихатталды. Бұл турда қатысушы топтар тұсаукесер, сырға салу, беташарды көрініс етіп қойып, актерлік шеберліктерін паш етті. “Ең үздік дефиле” турында қатысушылар қазақтың дәстүрлі және заманауи үлгідегі ұлттық киімдерін киіп, дефиле ұйымдастырды. Киім үлгілері күнделікті киюге арналған ұлттық нақыштағы заманауи киімдер және салттық, мерекелік киімдер болып екіге бөлінді. Әр қатысушы киімнің ерекшелігі мен тарихы жайлы қысқаша таныстырады.

Фестиваль соңында әділқазылар алқасы қатысушы топтарды келесідей номинациямен марапаттады:

“Ең үздік таныстыру” — Ақтөбе қаласы НО-11 тобы, кураторы Өтегенова Е.Қ.

“Ең үздік дефиле” — Орал қаласы НО-13 тобы, кураторы Абугалиева Г.С.

“Ең үздік дастархан” — Атырау қаласы НО-15 тобы, кураторы Абугалиева Г.С.

“Ең үздік көрініс” — Ақтау қаласы ПиМНО-35 тобы, кураторы Мухиева Г.С. 

“Ең үздік өнер” — Орал қаласы НО-12, ПиМНО-32, ПиМНО-22(3) тобы, кураторлары Федорченко Л.А., Баюканская С.Ф. 

Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры Ешимова Ж.Е. ең үздік өнер көрсеткен НО-12, ПиМНО-32, ПиМНО-22(3) орыс топтарына қазақ тіліндегі әнді нақышына келтіріп, әуезді орындағаны үшін ерекше марапаттап, алғысын білдірді. 

BATYS-fest: ұлттық құндылықтар фестивалінің ауқымды түрде өткізіліп, студенттердің қызығушылықпен, мұқият дайындығына, шараның ұйымдастырылуына педагогика факультетінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Муканова А.Д. алғысын айта отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шаралардың ғұмыры ұзақ болуын, ұлттық кодтың жаңғыруы — ұлттың оянуы екенін тілге тиек етті. 

Қатысушы топтар: НО-11, НО-12, НО-13, НО-15, ПиМНО-32, ПиМНО-35, ПиМНО-22(3)

Күні: 24.02.25, акт зал 

Жауапты оқытушылар: Өтегенова Е.Қ., Абугалиева Г.С. Федорченко Л.А., Баюканская С.Ф., Мухиева Г.С.