Біз ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне 2024-2025 оқу жылының II академиялық кезеңінде «Мектепке дейінгі және бастауышта оқыту» ББ бойынша білім алуға келдік. Академиялық ұтқырлық бағдарламасына өз қалауымыз бойынша осы университетті таңдаған болатынбыз. Оның басты бір себебі: университеттегі педагогикалық білім берудің ерекшелігі. Осы уақыт ішінде екі университеттің де өзіндік ерекшеліктерін байқап, жаңа тәжірибелер жинақтадық.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде білім беру жүйелі әрі академиялық дәстүрлерге сай жүргізіледі. Теориялық дайындыққа ерекше назар аударылады, бұл студенттерге білімді терең меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен жобаларға көп көңіл бөлініп, студенттердің ғылыми ізденісіне қолдау көрсетіледі. Профессор-оқытушылық құрам студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасап, әр бастама факультет деканаты тарапынан қолдауға ие болып отырады. Бұл арқылы теориялық білімді ғылыми-практикалық тұрғыда қолданып, университет қабырғасынан тыс жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде оқыту әдістері заманауи әрі интерактивті бағытқа негізделген. Студенттердің теориялық дайындығын практика жүзінде пайдалануға баса назар аударылады. Әдістемелік сабақтар дәстүрлі форматта емес, студенттердің педагог ретінде дайындығын жақсартуға бағытталып жүргізіледі. Мысалы, “Оқыту технологиялары мен әдістері” пәнінде теория мен практиканы қатар алып жүру тәсілі білімді қолдану дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Білім бағдарламасының біз үшін жаңалық болған бір тұсы «Бастауыш сыныпта ағылшын тілін оқытудың әдістемесі» және «Бастауыш сыныпта музыкалық тәрбие берудің теориясы мен технологиясы» пәндерінің болуы. Өйткені бұл пәндерді даярлайтын арнайы білім бағдарламалары бар бола тұра бастауыш сынып үшін білім беру мүмкіндігіне ие бола аламыз.
Сонымен қатар, бұл университетте оқытушылар мен студенттер арасындағы қарым-қатынас өте еркін. Сабақ барысында пікір алмасу, еркін ой бөлісу, ұсыныстар айту қалыпты жағдай. Осындай ашық әрі достық қарым-қатынас оқу процесін қызықты әрі тиімді етеді.
Жалпы, екі университет те сапалы білім беруге бағытталған және олардың әрқайсысынан біз құнды тәжірибе жинақтадық. Ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы бізге түрлі оқыту әдістерін салыстырып, өзіміз үшін ең тиімді тәсілдерді анықтауға мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе болашақ кәсіби дамуымызға үлкен әсер етеді деп сенеміз.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі»
3 курс студенттері Насырова Қ.А., Сансызбаева Ж.К,. Сейтали А.М



