«Мектепке дейінгі және бастауышта оқыту педагогикасы» БББ кіріс академиялық ұтқырлық бағдарламасының жүзеге асырылуы

Қазақстандық жоғары білімнің сапасын қамтамасыз ету, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің педагогика факультетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Осы бағдарламаны іске асыру аясында 2024–2025 оқу жылының 21.04.2025-02.05.2025жж. уақыт аралығында Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «Педагогика» кафедрасының аға оқытушысы Ж.А.Таджибева академиялық ұтқырлық шеңберінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне іссапармен келді.

Ж.А. Таджибева 6В01303 – «Бастауыш білім беру» білім беру бағдарламасы студенттеріне «Оқыту әдістері мен технологиялары» пәні бойынша дәріс оқып, семинар сабақтарын жүргізді. Сабақтар барысында оқытушы заманауи педагогикалық технологиялар мен тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік жасады.

Сонымен қатар, «Мектепке дейінгі және бастауышта оқыту педагогикасы» БББ профессор-оқытушылар құрамына «Білім беру процесінде жасанды интеллектіні қолдану» тақырыбында шеберлік сағат өткізді. Шеберлік сағат барысында Ж.А. Таджибева жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде тиімді пайдалану жолдарын көрсетіп, отандық және шетелдік тәжірибелерге шолу жасады. Қатысушылар өз салаларында жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану жөнінде пайдалы ақпараттар алып, тәжірибе алмасты.

Академиялық ұтқырлық аясындағы бұл тәжірибе оқытушылар мен студенттердің кәсіби дамуына, педагогикалық тәжірибе алмасуға және білім сапасын арттыруға оң әсерін тигізді.