Студенттік өмір адамзаттың ең әдемі де ұмытылмас сәттерінің бірі. Ал соның ішінде, жоғары оқу орнының табалдырығын аттап, студенттік қатарға қабылдану рәсімі әрбір 1-курс студенттеріне қуаныш сыйлайтын мереке.
Осындай қуанышты мерекені еліміздің алдынғы қатарлы жоғарғы оқу орны болып табылатын М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 1-курс студенттері де басынан өткізді.
2021 жылдың 2-жұлдызында Педагогика факультетінің 1-курс студенттеріне арналған «Студенттік қатарға қабылдау» кеші болып өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан мерекелік кеш М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің басқарма төрағасы–ректор міндетін атқарушы Серғалиев Нұрлан Хабиболлаұлының құттықтау сөзімен ашылды.
Көп жылдан бері қалыптасқан дәстүр бойынша жоғарғы курс студенттерінің негізгі мақсаты осы кешті есте қалатындай етіп ерекше өткізу. Себебі, көбі бұл күнді кейін, есейе келе, студенттік ғұмырдың қызықты сәттерінің бірі ретінде, мәңгілік есте сақтайды, бұл мерекелік шараға қатысу алғашқы күндерден өзіңді көрсетуге, жаңа достар табуға және курстастарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мерекелік кештің қонағы Батыс өңіріне танымал жас әнші Алина Герц өз өнерін көрсетіп, студенттермен бірге жанды дауыста ән айтып, көңілді кештің одан әрі шырайын келтірді.
Мерекелік кеш соңы концерттік бағдарлама мен студенттердің би кешіне ұласты. 1-курс студенттері–университеттің басты құндылығы, бүгіні мен ертеңінің үміті мен мақтанышы!